22.12.2021 _ 11:50

4 жастан 17 жасқа дейінгі 283 мыңнан астам бала мен жасөспірімдер секциялар мен үйірмелерге тегін қатысады

Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық және балалар спортымен айналысу үшін жағдай жасау, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін дамыту қажеттігін атап өтті. Осы тапсырманы орындау үшін мәдениет, спорт және дене шынықтыру мәселелері жөніндегі заңдарға түзетулер енгізілді. Оның шеңберінде балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстар тетігі алғаш рет енгізілді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.

«Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетін дамыту мәселесі Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың үнемі назарында тұр. Спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерді жан басына қаржыландыру бойынша барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілер қабылданды, арнайы Artsport.edu.kz. порталы құрылды. Мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырысты іске асыру 2021 жылғы 1 мамырдан басталды. Бүгінгі таңда 4 жастан 17 жасқа дейінгі 283 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер секциялар мен үйірмелерге тегін қатысады, оның ішінде спорт бойынша 150 мыңға жуық адам, шығармашылық бойынша – 133 мыңнан астам адам», - деді ведомство басшысы. 


Сонымен қатар, Nur Otan сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасы шеңберінде 2025 жылға дейін тірек ауылдарды қамти отырып, балалар – жасөспірімдер – дене шынықтыру клубтарының санын 1000-ға дейін ұлғайту көзделген. Жалпы, 2021 жылдың қорытындысы бойынша республикада 127 763 спорт секциясы жұмыс істейді.