22.12.2021 _ 12:20

«Е-Архив» ақпараттық жүйесіне 1574 ұйым қосылған

Биыл мемлекеттік және ведомстволық архивтер қызметінің негізгі процестерін автоматтандыру, сондай-ақ архив ісі саласында мемлекеттік қызметтер көрсетуді автоматтандыру мақсатында «Электрондық құжаттардың бірыңғай архиві» («Е-Архив») ақпараттық жүйесі өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді. Бүгінгі таңда Е-Архивқа 1574 ұйым қосылған. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.
«Е-Архив» ақпараттық жүйесіне 1574 ұйым қосылған

Оның айтуынша, бұл шара цифрлық жеткізгіштердегі құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге, электрондық картотеканы құруға, қағаз түпнұсқалардың өмірін ұзартуға, Ұлттық архив қорының құжаттарын жедел іздестіруге, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен мемлекеттік архивтер жұмысының тиімділігін арттыруға оң әсерін тигізеді. 

«Алғаш рет мемлекеттік және ведомстволық Архив қызметкерлерінің біліктілігін арттыру орталығы ашылды. Мұнда сала қызметкерлері реставратор, ғылыми-техникалық және аудиовизуалды құжаттаманы өңдеу және т.б. мамандықтар бойынша оқытудан өтетін болады. Былтыр ҚР Үкіметінің Қаулысымен 22 желтоқсан «Архивші күні» болып жарияланды, алғаш рет «Архив саласының үздігі» ведомстволық наградасы тағайындалды. Архив саласының 140-тан астам қызметкерлері мен ардагерлері ведомстволық төсбелгімен марапатталды. Биыл еліміздің архив ісі қызметкерлерінің Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығында алғаш рет өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтуде. Бүгінгі таңда еліміздің архив саласында 3 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олардың тікелей қатысуымен кейінгі ұрпақ үшін архивтік құжаттардың сақталуын қамтамасыз етілуде, сондай-ақ Ұлттық архив қорын Қазақстан тарихы жөніндегі жаңа құжаттармен толықтырылуда», - деді министр.