22.12.2021 _ 13:00

МСМ бастамасымен «Спортты Трансформациялау» жобалық кеңсесі құрылды

Токиодағы Олимпиада ойындарында спортшылардың нәтижелілігіне жүргізілген талдау Қазақстан Республикасындағы спортты толық трансформациялау, жоғары жетістіктер спортын басқарудың қазіргі тетіктерін реформалау қажеттілігін көрсетеді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен «Спортты Трансформациялау» жобалық кеңсесі құрылды, оның құрамына Парламент депутаттары, Ұлттық Олимпиада комитетінің, Ұлттық паралимпиада комитетінің, спорт федерацияларының басшылары, Олимпиада чемпиондары, Әлем чемпиондары, танымал жаттықтырушылар, ұлттық компаниялардың басшылары және азаматтық қоғам көшбасшылары кірді. Бұл туралы ведомство басышсы Ақтоты Райымқұлова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.


«Министрліктің кеңейтілген алқасы және жазғы олимпиадалық спорт түрлері бойынша барлық спорт федерацияларының қатысуымен Ұлттық Олимпиада Комитетінің Бас Ассамблеясы өткізілді. Аталған алаңдарда кәсіби спортты басқару жүйесін қайта қарау бойынша негізгі тәсілдер және жалпы спорт саласын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Нәтижесінде дене шынықтыру және спорт саласын басқару жүйесін реформалау бойынша негізгі ұсыныстар әзірленді. Атап айтқанда, Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада және жасөспірімдер Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, Әлем чемпиондарын Ұлттық бірыңғай тестлеуді тапсырушы тұлғалар тізімінен алып тастау, сондай-ақ саладағы сұранысқа ие мамандықтар, оның ішінде спорттық медицина және менеджмент бойынша «Болашақ» Президенттік бағдарламасы бойынша квотаны ұлғайту. Балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің, ұлттық деңгейдегі Олимпиадалық даярлау орталықтары мен Өңірлік және қалалық деңгейдегі олимпиадалық резервті даярлау орталықтарының санын ұлғайту жолымен спорттық резервті даярлау бойынша жұмыстарды күшейту ұсынылды. Сонымен қатар, спорт ұйымдарын заңнамалық деңгейде жекешелендіруге жататын объектілер тізімінен  алып тастау ұсынылады. Спорт ғылымын дамыту және спортшыларды медициналық-биологиялық қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады. Сондай-ақ, еліміздің 6 өңірінде дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлерін ашу қажет екендігі атап өтілді», - деді спикер. 


Сонымен қатар, жоғары спорттық нәтижелері үшін кемінде 20 жыл еңбек өтілі бар спортшыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамтамасыз ету мөлшерін, спорттық жарыстарда қызмет көрсеткені үшін спорт төрешілеріне төлемақыны арттыру ұсынылды.  


Еліміздің құрама командасында нұсқаушы-спортшы ретінде жалақы алатын спортшылардың штат санын да 1000-нан 3000 бірлікке дейін ұлғайту қарастырылуда.