23.12.2021 _ 12:30

СМС-ты ескеру, тәуекелге бармау. ТЖМ басшысы қолайсыз ауа райына қарамастан жолға шығатын қазақстандықтарға үндеу жасады

Өткен қысқы кезеңде автожолдарда құтқарушылар қар құрсауынан 1,5 мыңнан астам техника шығарды, 4,5 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Биыл қыс басталғалы ондаған адам құтқарылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ТЖ министрі Юрий Ильин мәлімдеді.

«Әрине, өткен қысқы кезеңде жол қозғалысын, сондай-ақ қардан уақтылы тазартуды қамтамасыз ететін қызметтердің жұмысында кемшіліктері де болды. Ерейментау ауданында 200 бірлікке дейін жүк көлігі жиналып қалған жағдай есімізде, бұл азаматтар үшін де, уақтылы эвакуациялау үшін де қолайсыздық тудырды. Қыстың басталғалы 173 дауылды ескерту жарияланды, республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар 35 рет жабылды, автокөліктердің қозғалысына 6 рет шектеу шаралары қолданылды. Қабылданған шараларға қарамастан, қыстың басынан бастап құтқарушылар 27 адамды құтқарды, 74 адамды эвакуациялады. Жаңа жыл қарсаңында құтқару бөлімшелері күшейтілген қызмет түріне және жоғары дайындыққа көшірілді. Бұл жерде халықтың назарын ерекше аударғым келеді. Ауа-райының нашарлауы және жолдардың жабылуы туралы хабарламаларды назардан тыс қалдырмаңыз», - деді спикер. 


Оның айтуынша, «Darmen» қосымшасын кеңінен қолдануға болады, онда төтенше жағдайлар мен дауылды ескертулер туралы барлық өзекті ақпарат ұсынылады. Алыс қашықтыққа шығар алдында жүргізушілер автомобильдің техникалық жай-күйінің дұрыстығына көз жеткізуі, сондай-ақ ауа-райына қарай киінуі қажет. 


Айта кетейік, биыл қыста күштер мен құралдар тобы қайта қаралып, бекітілді. Олардың саны 37 мың адамға дейін ұлғайтылды, ТЖМ, ІІМ және әкімдіктердің 13 мыңнан астам техникасы дайын.