23.12.2021 _ 16:20

Бидайға баж салынса, баға көтеріліп, шетелдік нарықтардан айырыламыз - АШМ

Қазақстанда бидай экспортына баж салығы салынуы мүмкін бе? Диірмен де, бидай да жеткілікті, бірақ шетелге экспортталып жатыр. Бидай өзіміздің диірмендерде тартылса, жем де, ұн да болады, өңделген өнім де экспортталады. Осы мәселе қалай қаралып жатыр? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер АШМ өкілдеріне осындай сұрақ қойды. Ведомство басшысы Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, бидайға баж салынса, баға көтерілуі салдарынан шетелдік нарықтардан айырыламыз. Бұл сұраққа толығырақ ҚР АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаменті директорының м.а. Назгүл Хатепова жауап берді.

«Әдеттегі түсім орта есеппен 20 млн тоннаны құраса, биылғы қуаңшылық жағдайына байлансты 16,4 млн тонна астық жиналды. Халық тарапынан да, қайта өңдеушілер тарапынан да алаңдаушылықтың болуы орынды. Алайда баж салығын енгізу мәселесі жан жақты зерттеуді талап етеді. Бұл бидай өндірушілердің қаржылық жағдайына тікелей әсер етеді, сондай-ақ, әлемдік нарықтағы жағдайды да ескеруіміз керек. Соңғы жылдары біз әлемдік нарықта үздік бидай шығаратын және экспорттайтын ірі державалар қатарына ендік. Орталық Азия елдері, Қытай Еуропа елдерінен бидайға деген сұраныс жоғары. Осы нарықтарды жоғалтып алмауымыз керек. Мұнымен қоса, ауыл шаруашылық тауар өндірушілердің келесі 2022 жылғы көктемгі дала жұмыстарын уақытылы жүргізуі үшін биылғы алған өнімдерін жақсы бағамен сатып, қажетті материалдық-техникалық құндылықтарды, яғни тұқым, тыңайтқыштар, өсімдік қорғау құралдарын сатып алуға қаржылары болуы тиіс. Олар жеңілдетілген несиелер де алады. Міндеттемелерін толыққанды орындауы үшін олардың қаржылық жағдайын ескеруіміз керек. Мемлекет басшысы да өз Жолдауында бұл мәселені қозғау әлі ерте екендігін атап өтті. Қазіргі кезде ішкі және сыртқы әлемдік бидай нарықтарында болып жатқан жағдайды ескере отырып, бұл мәселені тап қазір көтеру әлі ерте деп ойлаймыз», - деді спикер.  


Алайда, қуаңшылықтың болуы салдарынан қазіргі кезде 5-ші сыныпты азықтық бидайға шектеу шаралары қарастырылып жатыр. Бұйрық жобасы әзірленіп, мемлекеттік органдамен келісілуде.