27.12.2021 _ 12:00

Бүгін Президенттік жастар кадр резервіне қабылданған 50 адамның есімі жарияланады

ҚР Президенті жанындағы жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия шешіміне сәйкес, бүгін Президенттік жастар кадр резервіне қабылданған 50 адамның есімі жарияланады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл мәлім етті. Мемлекеттік басқару академиясы осы жобаны төрт бағыт бойынша іске асыруға белсенді қатысты.

«Біз мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау бойынша QAZAQ RESMI TEST-ті онлайн түрде ақысыз тапсыруды ұйымдастырдық. Бұл үшін академия қатысушылары үшін тегін 10 мыңға жуық промокод бөлдік. Сондай-ақ, Президенттік жастар кадр резервке тіркелген үміткерлер үшін QAZAQ RESMI TEST-ті ақысыз тапсыруға дайындалу бойынша онлайн курстар қарастырылды. 2021 жылғы 12-17 қазан аралығында академиялық орта өкілдері мемлекеттік қызметшілер мен бизнес қауымдастықтары өкілдері қатарынан 103 сарапшы ситуациялық тапсырмалардың шешімін бағалады. Бағалауды бір уақытта 3 тәуелсіз сарапшы жүргізді. Ситуациялық тапсырмаларды шешу кезеңіне 514 үміткер қатысып, олардың ішінде 235 үміткер ең жоғары балл жинап, олар құзыреттерді бағалау ассессмент орталық кезеңіне қатысуға мүмкіндік алды. 2021 жылғы 25-30 қазанда 227 үміткерге ассессмент орталық өткізілді. Ассессмент кезінде фасилитаторлардың басшылығымен асесорларды бағалау формалары толтырылып, 5 құзыреттілік бойынша үміткерлердің қорытынды бағаларын қою үшін интегралды сессиялар өткізілді. Супервизияны жүзеге асыру үшін барлығы 4 фасилитатор, 2 әкімші және 1 процес үйлестіруші жұмылдырылды. Іріктеудің әр кезеңінде қатысушылар өздерінің өсу аймақтарын көруге және одан ары өзін-өзі дамыту туралы түсінік қалыптастыруға мүмкіндік алды. Әрбір резервшіге ассессмент орталықтың нәтижелері бойынша есеп жіберілді. Бұл есеп үміткерлердің одан ары даму жоспарын әзірлеу үшін негіз бола алады», - деді спикер.  


Оның айтуынша, медиажоспарға сәйкес, БАҚ, әлеуметтік желілерінде ақпараттық жобаны сүйемелдеу жүргізілді.