28.12.2021 _ 12:50

Алдағы уақытта электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында АЭС салу керек – М.Мырзағалиев

Энергетика министрлігі 2035 жылға дейінгі электр энергиясын тұтыну және өндіру көлемінің балансын анықтады. Оның көрсеткіштеріне сүйенсек, электр энергиясының тапшылығы байқалады. Оны болдырмау мақсатында атом станциясын салу керек деуге толық негіз бар. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ведомство басшысы Мағзум Мырзағалиев мәлім етті.
иллюстративное фото с сайта naked-scince.ru

«Жалпы электр энергиясын өндіру жолдары көп емес, баламалы энергия - күн, жел энергия көздері. Бірақ олар электр қуатымен тұрақты түрде қамтамасыз ете алмайды. Күндіз энергия бар, кешке жоқ. Жел де солай. Электр қуатын алудың тағы бір жолы газ электр станциясын салу. Алайда елімізде мол газ қоры жоқ. Біз мұнайлы елміз, бірақ газды ел емеспіз. Көпжылдық стратегиямызда газ электр станцияларын салуға мүмкіндік жоқ. Көмір. Әлемде көптеген мемлекеттер көмір станцияларын салудан бас тартуда. Қазіргі үрдіс сондай. Оған халықаралық қаражат та бөлінбейді, оның үстіне қажетті құрал-жабдықтар, атап айтқанда турбиналар, қазандықтар шығарылмайды. Оны шығаратын 2-3 ел ғана қалды. Басқа елдер бұл жұмысты тоқатты. Сонда атом станциясы ғана қалады», - деді министр. 


Оның айтуынша, АЭС құрылысында заманауи қауіпсіз технологиялар қолданылады. Бүгінде әлем бойынша 249 атом блогы жұмыс істеп тұр, сондай-ақ 150 астам жаңа блок салынуда.