03.01.2022 _ 16:40

Сұйытылған мұнай газын өндірудің төмендеуі тұтынудың тұрақты өсуі аясында оның ішкі нарықтағы тұрақты тапшылығына алып келді – М. Мырзағалиев

Қазақстан ішкі нарықтың қажеттіліктерін өтеу үшін сұйытылған газдың жеткілікті ресурстарына ие және газ бойынша нетто-экспорттаушы болды. Жергілікті тұтынушыларды қолдау үшін газдың бағасы реттелді және тоннасына 38 мың теңге деңгейінде белгіленді. Яғни экспорттық бағадан 5-6 есе төмен. Бұл ретте Қазақ Газ Өндеу зауытында сұйытылған газ өндірісінің өзіндік құны тоннасына шамамен 100 мың теңгені құрайды. Энергетика министрі жалпы еліміз бойынша, атап айтқанда Маңғыстау облысы бойынша сұйытылған мұнай газы бойынша жағдай туралы айта келе осындай мәліметтерді жария етті.


Мағзум Мырзағалиевтің айтуынша, Қазақстандағы сұйытылған мұнай газының бағасы өңірдеге ең төмен баға болып табылады.  


«Сәйкесінше, төмен деңгейдегі баға газ өндірісін ұлғайтуды ынталандырмайды. 2020 жылы ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамту үшін 1,4 млн тонна сұйытылған мұнай газы өндірілді. 2021 жылы ішкі нарықтағы сұйытылған газды тұтыну 1,6 млн тоннаға дейін өсті. Бұл ретте газ өндірісі өсіп жатқан жоқ. Ал тозығы жеткен зауыттардың жиі жөнделуі жалпы өндірістің төмендеуіне әкеп соғуда. Ағымдағы жағдайда осы шикізатты өндіруді кеңейту үшін қандай да бір инвестициялық тартымдылық жоқ. Бұл тұтынудың тұрақты өсуі аясында тапшылыққа алып келді. Ол, әсіресе 2021 жылы күшейді. Себебі 2019 жылдан бері сұйытылған газға өткізілген автокөліктер саны биыл шамамен 2 есеге өсті», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. 


Ведомство басшысының айтуынша, әлемдік тәжірибеде сұйытылған газдың бағасы мұнай бағасымен өзара байланысты. Бензин бағасының 70% құрайды. Мысалы, АИ-92 маркалы бензиннің құны литріне 182 теңге болған кезде газдың нарықтық құны шамамен литріне 127 теңгені құрауы тиіс.