08.01.2022 _ 17:34

ҚР БҒМ: Өтініштерді қабылдау және қаңтар ҰБТ тапсыру мерзімдері өзгертілді

Қаңтар айындағы ҰБТ-ға қатысу үшін өтініштерді қабылдау 21 қаңтарға дейін ұзартылды. Бұған дейін өтінімдерді қабылдау 24 желтоқсаннан 5 қаңтарға дейінгі кезеңге жоспарланған болатын. Алайда туындаған жағдайға байланысты және талапкерлердің мүдделерін ескере отырып, Білім және ғылым министрлігі мерзімді 21 қаңтарға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ, ҰБТ-ны өткізу мерзімі 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында кейінге шегерілді. Енді тестілеу 25 қаңтар мен 22 ақпан аралығында өтеді.

Бұл тестілеуге жазғы ҰБТ нәтижесі бойынша шекті балл жинамаған және ЖОО-ға күндізгі оқу түрі бойынша шартты түрде ақылы негізде қабылданған тұлғалар, сондай-ақ ЖОО-ға ақылы негізде қабылдау үшін мектептердің бітіруші сыныптарының білім алушылары қатысады.

Сонымен қатар, министрлік магистратура мен докторантураға қабылдау мерзімін 24 қаңтарға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін екінші қабылдау қорытындысы бойынша грант иегерлері мыңнан астам қазақстандық атанды.