22.01.2022 _ 15:40

819 қылмыстық іс өндірісте. Зардап шеккен адамдар мен бизнес нысандарына қатысты оқиғаларды тергеуге ерекше назар аударылады

Бас прокуратура еліміздегі орын алған лаңкестік әрекеттердің мән-жайларын және себептерін анықтау жұмыстарын жалғастыруда. Құқық қорғау органдарымен қылмысқа қатысушыларды анықтау, кінәлі тұлғаларды жазаға тарту, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті толық қалпына келтіруге бағытталған қажетті шаралар қолдануда. Бас прокуратураның 1 қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжановтың айтуынша, зардап шеккен адамдар мен бизнес объектілеріне қатысты оқиғаларды тергеуге ерекше назар аударылуда. Бұл туралы ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.

«Бүгінде жедел тергеу топтарымен 819 қылмыстық іс тергелуде, оның ішінде 45-і терроризм актілері, 36-ы жаппай тәртіпсіздік, 15-і адам өлтіру деректері бойынша. Сонымен қатар, ұрлық, тонау, қаруды жымқыру, билік өкіліне қатысты күш қолдану фактілерімен қылмыстық істер тергелуде. Бұл істер бойынша 970 күдіктілер қамауға алынып, олардың ішінде 182-сі соттың санкциясымен күзетпен ұстауға алынған, 29-на қатысты үйқамақта ұстау түріндегі бұлтартпау шаралары қолданылған. 464 адам терроризм және жаппай тәртіпсіздік істері бойынша ұсталды.  Бұдан басқа, 226 тұлға ұрлық, 60-сы қаруды заңсыз сақтау, 39-ы қаруларды жымқыру, 25-і бұзақылық, 21 тонау деректерімен қамауға алынды. Басқа да қылмыстық істер бойынша ұсталынған адамдар бар. Бұл ретте бір қылмыстық іс бойынша бірнеше адам, яғни сыбайлас қатысушылар болуы мүмкін. Бұл деректер әлі де түпкілікті емес. Олар соттарда қамауға алу істерінің қаралу нәтижесіне байланысты. Атап айтқанда, 29 ұсталған тұлға бойынша соттармен қамауға алуға бас тартылған, олар қазір босатылды», - деді спикер.