25.01.2022 _ 15:40

Соңғы аптада коронавирус инфекциясымен сырқаттану деңгейі 1,5 есе өсті – ҚР ДСМ

Коронавирус инфекциясының «Омикрон» нұсқасының айналымы мен таралуынан туындаған аурудың өсуі әлемнің барлық елдерінде байқалады. Жыл басынан бері республикада 178 мыңнан астам адам коронавирус инфекциясымен ауырды, пандемияның бүкіл кезеңін салыстырғанда алғаш рет жағдайлардың тәуліктік тіркелуі 16 мыңнан асты, бұл «Омикрон» нұсқасының өте жоғары жұқпалығына және таралу жылдамдығына байланысты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова мәлім етті.

«Бүгінгі таңда Түркістан облысын қоспағанда, бүкіл ел қызыл аймақта орналасқан.  Республика бойынша соңғы аптада коронавирус инфекциясымен сырқаттану деңгейі 1,5 есе өсті. Қаңтар айының басынан бастап желтоқсанмен салыстырғанда сырқаттанушылық 11 есе өсіп отыр», - деді спикер. 


Айжан Есмағамбетованың мәліметінше, елімізде бүгінгі күні 1,2 млн адам ревакцинациядан өтті. Pfizer вакцинасының 1-ші компонентімен 564 мыңнан артық, 2-ші компонентпен 300 мыңнан астам адам егілді.