28.01.2022 _ 16:00

Көктемгі кезеңге арналған негізгі гидрологиялық болжам 2022 жылғы 1 наурызда ұсынылады

Қалыптасқан гидрометеорологиялық жағдай нормаға жуық немесе орташа көп жылдық мәндерге жуық. Біз Есіл бассейні туралы айтып отырмыз, онда 5 негізгі су қоймасы бар: Астана, Сілеті, Чаглинка, Сергеев, Петропавловск. Қазіргі уақытта су қоймалары жоспарлы кестелерге сәйкес жұмыс істеп тұр. Бүгінгі күнгі жағдай бойынша су қоймаларының толуы 58-88% құрайды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов осындай мәліметтерді келтіріп өтті.

Жайық-Каспий, Тобыл-Торғай және Ертіс бассейндеріндегі су деңгейі өткен жылғы көрсеткіштерден төмен. Нұра-Сарысу бассейнінде салааралық маңызы бар 4 ірі су қоймасы ерекше бақылауда. Бұл Кеңгір, Шерубай, Нұра және Самарқанд. Қазіргі уақытта су қоймалары штаттық режимде жұмыс істеуде.  


«Жалпы, су тасқыны қаупі бар бассейндерде қар жинау процесі наурызға дейін жалғасады және көктемгі кезеңге арналған негізгі гидрологиялық болжам 2022 жылғы 1 наурызда ұсынылады. Су тораптары арқылы тасқын суларды апатсыз өткізу пайдалану ережелеріне және негізгі гидрологиялық болжамға сәйкес және жергілікті атқарушы органдармен және ТЖМ қызметтерімен үйлестіре отырып қамтамасыз етілетін болады», - деп мәлімдеді спикер.