03.02.2022 _ 15:40

«Құлсары –Мұқыр» жолының құрылысы 2024 жылы басталады - ҚР ИИДМ

Атырау облысы жолдардың сапасы бойынша аймақтар арасында соңынан үшінші орында, 61 %. Республика бойынша көрсеткіш - 75%. Аңыз болып кеткен «Астрахань – Атырау» жолы 2021 жылға дейін бітуі тиіс болған. Қазір оның құрылысы тоқтап тұр. Халық 300 шақырым жерге, Астрахань шекарасына, Құрманғазы ауылының азаматтары жолдың жанымен жүріп, қиыншылық көріп отыр. Не себептен? Тағы бір жол мәселесі – «Құлсары – Мұқыр» жолы. Оның құрылысы екі жыл бұрын аяқталуы тиіс болатын. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстел барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевқа осы мәселелерге қатысты сұрақтар қойды. Ведомство басшысының айтуынша, «Астрахань – Атырау» жолы бойынша жұмыс басталды. Ол екі кезектен тұрады. Бірінші кезегі бітті, екінші кезегі созылып кетті.

«Жаңа жол» ЖШС жобалау институты жобалау кезінде қателіктер жіберді. Жобаны жасау барысында жергілікті аймақтың топырағын пайдалану көзделген болатын, бұл жобалық-сметалық құжатқа толығымен енгізілді. Ал жұмыс басталғанда ол топырақтың сапасы жол құрылысының сапасымен келіспеді. Арасында тұздалған, гипс қосылған топырақ болды. Жол салып жатқан мердігерлердің айтуынша, бұл топырақты пайдаланудан жолдың сапасы төмендейді. Сол себептен құрылыс компаниясы жазаға тартылып, оларға қайта тапсырма берілді. Олар өз ақшасына жобаны қайта қозғап, жаңа шешімдер табуы тиіс. Жобалық-сметалық құжаттама қайта қаралып, басқа шешімдер табылып, өткен жылдың соңында жоба сараптамадан өтті. Қазір толығымен жұмысқа кірісіп жатырмыз. Ақшасы қарастырылған. 2022 жылы жолда көлік қозғалысын бастай мәселесі көтеріледі. Ал келесі жылы толық аяқтау көзделген», - деді министр. 


Ведомство басшысының айтуынша, «Құлсары –Мұқыр» жолының техникалық экономикалық негіздемесі жасалып, сараптамадан өтіп жатыр. Наурыз айында сараптама аяқталады деп күтілуде. Содан кейін жобасы бекітіліп, қаржы тетіктері қарастырылып, жұмысты 2024 жылы бастау жоспарланған.