07.02.2022 _ 18:35

Жаппай тәртіпсіздікте ұсталған және қамауға алынған қатысушылардың кінәсі алып қойылған заттай дәлелдемелермен, бейнебақылау камераларының жазбаларымен, куәлардың айғақтарымен дәлелденеді - ІІМ

Қазіргі уақытта ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісінде 2 548 қылмыстық іс бар. Қылмыс жасады деген күдік бойынша уақытша ұстау абақтысына 887 адам ұсталып, оның 789-ы қамауға алынды. Олардың 205-і бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған, оның ішінде 8-і іздеуде жүрген адамдар. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов осындай мәліметтерді жария етті.

 
«Олардың кінәсі алынған заттай дәлелдемелермен, бейнебақылау камераларының жазбаларымен, куәлардың айғақтарымен және басқалармен дәлелденетінуде. Мысалы, Семей қаласында әкімшілікті және әскерилерге тиесілі «ТИГР» арнайы көлік құралын басып алуға қатысушылардың бірі ұсталды. Күдіктінің кінәсі оның ұялы телефонынан табылған бейнежазбамен дәлелденеді. Ол уақытша ұстау абақтысына жабылып, сот санкциясымен қамауға алынды. Тергеу органдары ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған адамдарды ғана ұстайтынын тағы да атап өтемін.  Ауырлығы аз қылмыстар бойынша – қамауға алумен байланысты емес бұлтартпау шаралары қолданылады», - деп атап өтті полковник.