07.02.2022 _ 18:45

Қаңтар оқиғаларының себептерін анықтау, қылмыс іздерін алу және бекіту, сондай-ақ қажетті дәлелдемелер базасын жинау жұмыстарына 200-ден астам тергеуші тартылды

Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде қылмыскерлер мен жасыру орындарынан 828 бірлік қару, 18 мыңнан астам оқ-дәрі және 286 арнайы құрал тәркіленді. Сонымен қатар, 65 дана қару ерікті түрде тапсырылды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов осындай мәліметтерді келтірді.

«Ішкі істер органдарының тергеушілері арнайы прокурорлармен өзара тығыз іс-қимыл жасай отырып, қаңтар оқиғаларының себептерін анықтау, қылмыс іздерін алу және бекіту, сондай-ақ қажетті дәлелдемелер базасын жинау бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Бұл жұмысқа барлығы 200-ден астам тергеуші тартылған. Бұрын хабарланғандай, қазіргі уақытта зақымданған нысандарды тексеру аяқталды. Олардың саны 1,5 мыңнан астам және 760-тан астам автокөлік. 1,7 мыңнан астам сот сараптамасы тағайындалды. Куәлар мен жәбірленушілер ретінде 10,5 мың адамнан жауап алынды», - деп қорытындылады спикер.