14.02.2022 _ 11:55

«500 кВ Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» электр транзитінде орын алған шамадан тыс жүктеменің салдарын тексеру жөніндегі арнайы комиссияның нәтижелері

2022 жылғы 25 қаңтарда Орталық Азияның энергия жүйесінде электр энергиясын өндірудің күрт төмендеуіне байланысты 500 кВ «Қазақстанның Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» электр транзиті шамадан тыс жүктелді. «KEGOC» АҚ-ның алдын ала ақпараты бойынша Өзбекстандағы Сырдария ЖЭС-індегі 500 кВ тарату құрылғысындағы қысқа тұйықталу нәтижесінде, жалпы қуаты 1000 МВт болатын 4 энергия блогы қорғаныс әрекетінен ажыратылды, бұл жиіліктің 47 Гц-ке дейін күрт төмендеуіне және Орталық Азияның Біріккен энергия жүйесінің бөлінуіне әкелді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов хабарлады.
«500 кВ Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» электр транзитінде орын алған шамадан тыс жүктеменің салдарын тексеру жөніндегі арнайы комиссияның нәтижелері

«Электр желілерінің бұзылуына және ірі жүйелік аварияның өршуіне жол бермеу мақсатында «Қазақстанның Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» электр транзиті аварияға қарсы автоматиканың дұрыс жұмыс істеуі арқылы бөлінді, бұл Қазақстанның оңтүстік аймағы тұтынушыларын толық ажыратуға жол бермеді. Аварияға қарсы автоматиканың әрекетімен Жамбыл МАЭС, Шымкент ЖЭО-3, Қызылорда ЖЭО-6 және Алматы облысының электр станциялары тұтынушыларды жылумен және электрмен жабдықтауды сақтай отырып, толық тоқтауға жол бермеді. 50 Гц нормативтік жиілік кезінде Орталық Азияның энергия жүйесіндегі жиілік 47 Гц-ке дейін күрт төмендеді, соның салдарынан Өзбекстан мен Қырғызстанның энергия жүйелері толық сөндірілді», - деді министр. 


Жүйелік оператор мен өңірлік энергетикалық ұйымдардың уақтылы қабылдаған шараларының арқасында энергия жүйесінің қалыпты режимі және тұтынушыларды электрмен жабдықтау барынша қысқа мерзімде қалпына келтірілді. Арнайы комиссия жұмысының нәтижелері бойынша технологиялық бұзушылықтың пайда болу және даму себептері анықталды. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша технологиялық бұзушылық туындаған, оқшаулау және жою кезіндегі персоналдың іс-әрекетіне, релелік қорғау және аварияға қарсы автоматика жұмысына баға берілді, сондай-ақ осындай технологиялық бұзушылықтарды болдырмау бойынша ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар әзірленді.