16.02.2022 _ 19:35

Үрей мен қорқыныш туғызу. Ведомствоаралық тергеу тобы тәртіпсіздік және терроризм актілері бойынша 181 істі тергеуде

Бас прокуратура қаңтар оқиғалары кезеңінде жасалған қылмыстарды тергеуді және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау жұмыстарын жалғастыруда. Барлығы 3 096 сотқа дейінгі тергеп-тексерулер тіркелді. Негізінен, олар меншікке қарсы, бұзақылық және қаруды жымқыру қылмыстары. Бұл туралы Орталық комуникациялар қызметінде өткен брифингте Бас прокуратураның 1 қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов хабарлады.

Арнайы прокурорлардың басқаруымен ведомствоаралық тергеу тобы жаппай тәртіпсіздіктер және терроризм актілері бойынша 181 істі тергеуде. 


«Қылмыстық кодекс бойынша жаппай тәртіпсіздіктер азаматтарға күш қолданумен, бизнес объектілерін және жеке мүлікті қиратумен, билік өкіліне қарулы қарсылық көрсетумен ұласады. Алайда, жекелеген тұлғалардың әрекеттері халық арасында үрей мен қорқыныш туғызды және мемлекеттік органдардың қызметін тоқтатуды мақсат етті. Сол үшін олар мемлекеттік биліктің символы ретінде әкімдік ғимараттарына, сондай-ақ тәртіп күштері объектілеріне шабуыл жасап, оған тосқауыл қойды.  Сондықтан осындай іс-әрекеттер Қылмыстық кодекстің 255-бабына сәйкес терроризм актілері ретінде сараланады.  Құқық қорғау органдарының ғимараттарын басып алудың негізгі мақсаты - атыс қаруын иемдену. Атап айтқанда, Алматы облысында полиция департаменті ғимаратынан 53 автомат, 367 тапанша, 1 гранатамет, сондай-ақ 23 мыңнан астам патрон ұрланған. Жамбыл облысында - 209 автомат, 134 тапанша, 11 гранатомет, бір пулемет және 40 мыңға жуық патрон. Алматы резиденциясында қиратулардан кейін 130 бірлік қару мен оқ-дәрілердің жетіспеушілігі анықталды, оның ішінде 80 граната, 17 тапанша, 11 автомат, 21 гранатамет және снайпер мылтығы. Сондай-ақ, он аңшылық дүкен тоналды, сол жерден 1 629 мылтық ұрланды. Жалпы алғанда, үш мыңнан астам қару ұрланған. Осы көлемнің тек үштен бірі немесе 967 бірлігі ғана табылды, ал екі мыңнан астамы, соның ішінде гранаталар, пулеметтер, мылтықтар, тапаншалар мен гранатомет әлі де қылмыскерлердің қолында», - деді спикер.  


Барлық осы фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұрланған қару-жарақты іздестіру жұмыстары жалғасуда.