16.02.2022 _ 20:20

Көрінеу жалған ақпарат тарату бойынша 13 қылмыстық іс тергелуде – ҚР ІІМ

Бұрын айтылғандай, қаңтар оқиғаларынан кейін азаматтардың қоғамдық санасын бақылау үшін ақпараттық соғыс басталды. Әлеуметтік желілер арқылы көрінеу жалған ақпаратты тарату жағдайлары жиіленді. Фейк хабарламалар деп аталып кеткендердің негізгі үлесі шетелден келеді. ҚР ІІМ тергеу департаментінің бастығының айтуынша, бүгінгі таңда әлеуметтік желілерден шетелде тіркелген 50 аккаунт анықталды.

«Қазіргі кезде ҚК-нің 274-бабы - көрінеу жалған ақпарат тарату бойынша 13 қылмыстық іс тіркелді, олар бойынша мұқият тергеу жүргізілуде. Екі адам қамауға, тағы екеуі үйқамаққа алынды. Мысалы, жаппай тәртіпсіздіктер кезінде Қостанай қаласында «Telegram» мессенджерінде өз атынан СОБР қызметкерлері ереуілшілер жағына шыққаны туралы жалған ақпарат таратқан азамат ұсталды. Сонымен қатар қызметкер атынан «олар ешкімді ұстамайтыны, барлығын ереуілге шығуға шақыру» туралы екі мәтіндік хабарлама салған. Келесі оқиғада, Ақмола облысының тұрғыны жаппай тәртіпсіздіктерден соң 2022 жылғы 10 қаңтарда елдегі жағдайды ушықтыру мақсатында өзінің «Facebook» парақшасына «полиция қызметкерлерін өлтіруге үгіттейтін» жазба жариялаған»,- деді Санжар Әділов.  


ІІМ өкілі азаматтарды арандатуға көнбеуге және тексерілген ақпарат құралдарына ғана сенуге шақырды.  


«Құрметті қазақстандықтар! Қазір құқық қорғау органдары қаңтар оқиғаларының себептерін анықтау бойынша қажырлы жұмысын жалғастыруда және алдағы уақытта осындай қайғылы оқиғаларды болдырмау бойынша қажетті шаралар қабылдануда. Тергеу процедураларына сабырлықпен қарауға және тергеудің нәтижелерін күтуге шақырамыз», - деп түйіндеді полковник.