17.02.2022 _ 11:40

Ылғал қорының көлемі Ақмола, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының бірқатар өзендеріндегі орташа көп жылдық мәндерден жоғары

Төтенше жағдайлар министрлігі орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізуде. Басқа апаттардың да, су тасқынының да салдарын жоюға қарағанда олардың алдын алу оңай және арзан. Бұл әлемдік тәжірибе және тиісінше, біздің саясатымыз. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ТЖМ төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің бастығы Рустамбек Амрин мәлімдеді. Оның айтуынша, ақпанның алдын ала болжамын «Қазгидромет» РМК ұсынды.


«Жалпы еліміз бойынша ылғал қорының көлемі Ақмола облысының Сілеті өзені бассейнінде, Қостанай облысының Торғай және Қараторғай өзендері бассейндерінде, Батыс Қазақстан облысының Шежін-2 және Утва өзендері бассейндерінде, сондай-ақ Бұқтырма су қоймасы аймағының тау өзендері бассейндерінде және Шығыс Қазақстан облысының Шүлбі су қоймасына құйылатын тау өзендерінің бассейндерінде орташа көпжылдық мәндерден жоғары. Су тасқынына қар қорларынан басқа топырақтың күзгі ылғалдану деңгейі де әсер етеді. Топырақтың күзгі ылғалдану көрсеткіштері Қарағанды облысының Тоқырау өзені бассейнінде, Ақтөбе облысының Ойыл өзені бассейнінде орташа көпжылдық мәндерден жоғары», - деді спикер болжамды деректермен бөлісе отырып.