18.02.2022 _ 11:50

«СК-Фармация» ЖШС базасында медициналық техника сатып алуды орталықтандыруды екі кезеңмен жүзеге асыру жоспарланған

Қазіргі уақытта медициналық техникамен қамтамасыз ету жүйесінің негізгі проблемалары қолда бар медициналық жабдықтар паркінің жеткіліксіз жарақтандырылуы мен тозуының жоғары деңгейі; жергілікті жерлерде медициналық техника сатып алу кезінде бағалардың шашылымы; медициналық техника лизингінің қолжетімді тетіктерінің болмауы; отандық медициналық аспап жасауды дамытудың жеткіліксіздігі болып табылады. Мемлекет басшысы «СК-Фармация» базасында медициналық техниканы орталықтандырылған сатып алуға көшуді тапсырды.

Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаевтың айтуынша, қазір бұл сегментте Ақтөберентген, ҚазМедприбор қазақстандық кәсіпорындары және басқа да компаниялар бар. Аталған проблемаларды шешу үшін «СК-Фармация» ЖШС базасында медициналық техниканы сатып алуды екі кезеңмен орталықтандыруды жүзеге асыру жоспарланған. 


«Бірінші кезеңде медициналық техника сатып алуды ұйымдастыру мен өткізуді реттейтін нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу; медициналық техниканың техникалық ерекшеліктерін біріздендіру; ашықтықты қамтамасыз ету үшін Қаржы министрлігінің электрондық қаржы орталығы алаңында ақпараттық жүйелер пысықталатын болады және өтінімдерді жинауды автоматтандыру; 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында электрондық сатып алуды өткізу жоспарланып отыр. Бұдан басқа, Үкіметтің шешімімен 2025 жылға дейінгі басым бағыттар бойынша медициналық техникамен жабдықтау бағдарламасын бекіту көзделген. 2-кезеңде отандық және шетелдік медициналық техника өндірушілерімен бірлесіп өндірісті оқшаулау, ұзақ мерзімді шарттардың тетіктерін әзірлеу, өмірлік цикл келісімшарттарының тетіктерін сатып алу практикасына енгізу және «толық аяқталған» басым бағыттар бойынша кешенді жабдықтау үшін медициналық техника сатып алу мәселелерін пысықтауды жоспарлап отырмыз», - деді шенеунік Орталық коммуникациялар қызметі алаңында жоспарларымен бөлісе отырып.  


Осылайша, осы шараларды іске асыру медициналық техниканы жоспарлау мен сатып алудың ашықтығын қамтамасыз етеді; қажетті медициналық жабдықтармен жарақтандырылу деңгейін арттырады; сатып алуды шоғырландыру және техникалық тапсырмаларды біріздендіру есебінен сатып алынатын медициналық техниканың құнын төмендетеді; сервистік қызмет көрсету мен кадрларды оқыту сапасын арттырады; елдің медициналық техника нарығындағы отандық тауар өндірушілердің үлесін арттырады.