23.02.2022 _ 11:15

Инвестициялық келісімдер шеңберінде 2025 жылға қарай 1760 МВт қуаттылықты жаңғырту жоспарлануда

Электр энергетикасы жүйесінің үздіксіз және сенімді жұмысы елді одан әрі дамытудың маңызды шарттарының бірі болып табылады. Бүгінгі күні ҚР бірыңғай энергетикалық жүйесі өзін-өзі теңгерімдеу режимінде жұмыс істейді, бұл ретте ең жоғары жүктеме сағаттарында электр қуаттарының жетіспеушілігін сезінуде, бұл энергия өндіруші ұйымдардың негізгі жабдығының жиі тоқтап тұруына, сондай-ақ тұтынушылар тарапынан жүктеменің күрт өсуіне байланысты. 2021 жылы электр энергиясын тұтыну 113,9 млрд кВт/ сағатты құрады, бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 6% артық. Алдыңғы жылдары тұтынудың өсуі орта есеппен 2% құрады, сондықтан 3 есе өсу қалыпты емес болып саналады. Бұл туралы сараптамалық дөңгелек үстел барысында ҚР ЭМ электр энергетикасын дамыту департаментінің директоры Айдос Дәрібаев мәлімдеді.

Инвестициялық келісімдер шеңберінде 2025 жылға қарай 1760 МВт қуаттылықты жаңғырту жоспарланған. Салымдардың жалпы көлемі - 490 млрд теңгеден астам. Сондай-ақ ұлттық электр желісін жаңғырту, оның ішінде батыс және оңтүстік аймақтардың энергия жүйесін күшейту, батыс аймақты бірыңғай электр энергетикасы жүйесіне қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде.  


«2022 жылы шамамен 1240 МВт маневрлік қуаттарды салуға аукциондық сауда-саттық өткізу көзделген. Энергетиканың экономикадағы жүйе құраушы рөлін ескере отырып, оның басқа салаларға қатысты озыңқы даму қағидатын қамтамасыз ету қажет. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2035 жылға дейінгі энергетикалық теңгерім әзірленді. Электр энергиясын өндіру мен тұтынудың болжамды мәндерін, жаңа өндіруші қуаттарды іске қосудың қажетті көлемі мен құрылымын есептей отырып, энергетикалық кешенді дамытуды модельдеу, тұтынудың жылдық деңгейін болжау және максималды электр жүктемелерін өтеу орындалды», - деп атап өтті спикер.