24.02.2022 _ 09:10

Отандық көліктің бағасында ешқашан утилизациялық алым болмаған – ҚР ИИДМ

Қазақстанда халық арасында сұранысқа ие модельдер толығымен осында өндіріледі. Атап айтқанда, Kia, Hyundai, JAC және Lada. Бұл модельдерді алғанда халық ешқашан утилизациялық алым төлемеген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алағында өткен брифингте ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.

Статистикаға сәйкес, былтыр нарықта сатылған көліктердің 65% отандық машиналар құрады. Қалған 35% импорттық көлік сатып алғандар.  

«Олардың басым бөлігі премиум класстағы машиналар. Ондай көліктер утилизациялық алым төледі. Бірақ бұл қаражат елдің игілігіне, халыққа автокөлік сатып алуға жеңілдетілген несие беру үшін жұмсалады. Бұл ретте көліктердің бағасына тоқталсақ, халық арасында сұранысқа ие машиналардың барлығы өзімізде өндіріледі, ал импорттық машиналар өндірілмейді, бірақ олардың бағасы да жоғары, кейбірінің құны 50-60 млн дейін жетеді. Утилизациялық алым көлемі – 1-1,5 млн теңге. Ал оны төлемеудің жолы - импорттық машиналар өндірісін елімізде жолға қою», - деді вице-министр.