24.02.2022 _ 14:20

Бизнес періштелерге арналған «StartUp Bolashaq» республикалық бизнес-жобалар байқауы - әлеуметтік жауапкершілік

Биыл «StartUp Bolashaq» республикалық бизнес-жобалар байқауын өткізу форматы өзгерді. Егер бұрын конкурс қорытындылары бойынша перспективалы стартаптарға гранттар ұсынылса, бесінші маусымда финалистер Қазақстанның танымал және беделді бизнесмендерінің инвестициялық және сараптамалық қолдауына ие болады. Бизнес-періштелер қауымдастығына Қаныш Төлеушин, Арманжан Байтасов, Мұрат Әбдірахманов, Қанат Көпбаев, Гаухар Қаппарова, Тимур Турлов, Ерлан Исекешев, Бейбіт Әлібеков, Динара Сәтжан және басқа да танымал тұлғалар кірді. Олар перспективалы бизнес-идеяларды қарауға бірлесіп қатысуға және 100 млн теңгеден басталатын инвестициялары бар шағын және орта бизнес кәсіпкерлерді қолдауға дайын. Бизнес-періштелердің инвестициялық ұсынысы бір жобаға 10 млн теңгеден бастап қаралады. Байқаудың бас серіктесі Қаныш Төлеушин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осыған байланысты екі басты мифті сейілтті.

«Әлеуметтік желілерде таратылған екі мифті сейілткім келеді. Өзіме жиі сұрақтар қойылады: «Менің идеяммен не болады? Оны ұрлап кетуі мүмкін бе? Мұндай тәуекелдер бар ма?». Шындығында идеялар көп. Жай ғана Google-ды ашсаңыз, мыңдаған идея шығады. Мәселе мұнда ғана емес. Біз идеялар байқауын өткізіп жатқан жоқпыз, бұл дарынды болашақ кәсіпкерді анықтау, оны тәрбиелеу және оған қолдау көрсету жөніндегі байқау. Шын мәнінде, осы идеяларды жүзеге асыра алатын адамды анықтауға бағытталған конкурс. Мәселе, бұл жобаны жүзеге асыратын командадада. Екінші миф: «Жобаға инвестиция салатын періштелер менің жобамды алып, өздері жүзеге асыратын шығар?». Біріншіден, бизнес періштелердің тізіміне қарасаңыз, бұл Қазақстанда ғана емес, жаһандық деңгейде жұмыс істеп жүрген табысты адамдар. Олар үшін бұл әлеуметтік жауапкершілік: көмектесу, қолдау, жаңа Қазақстанды құруға үлес қосу. Бұл өте бай, табысты адамдар. Олар таңдауға, ақша беруге, инвестициялауға, тәлімгерлік қолдау көрсетуге ниетті. Оларды қошеметтеп, алғысымызды білдіруіміз керек», - деп жауап берді кәсіпкер.