02.03.2022 _ 14:10

1069 қару мен 22 мыңға жуық оқ-дәрі тәркіленді - ҚР ІІМ

Бұрын ұрланған қаруды іздеу және алу бойынша мақсатты жедел-іздестіру іс-шаралары жалғастырылуда. ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділовтің мәліметінше, қазіргі уақытта алынған қарудың жалпы саны 1069 бірлікті құрайды, оның ішінде 123 автомат, 231 тапанша, 263 тегіс ұңғылы мылтық, 84 бірлік кесілген қару, 168 граната, 9 гранатомет пен 2 пулемет. Одан басқа 21759 оқ-дәрі табылып алынды.

«Түсіндіру жұмысынан кейін азаматтардың қарудың 100-ден артық бірлігін өз еркімен тапсырғанын атап өтеміз. Осыған байланысты азаматтарды күдікті адамдар, атыс және суық қаруды заңсыз сақтау мен сату туралы белгілі ақпаратты полицияға хабарлауды тағы да сұраймыз. Қылмыстық элементтер заңсыз айналымға түскен қаруды кез келген уақытта бейбіт азаматтарға қарсы қолдана алады. Осы орайды пайдалана отырып, әрқайсысыңызды, әсіресе, зардап шеккен және қаңтар оқиғаларына қатысты қандай да бір мәліметтері бар азаматтарды тыңдауға дайын екенімізді білдіреміз», - деп түйіндеді полковник.