04.03.2022 _ 10:10

1 наурызда Мемлекеттік басқару академиясында 2022 жылға арналған қабылдау науқаны басталды

Өткен жылдың ақпан айының соңында мемлекет басшысы мемлекет пен халықтың өзара іс-қимылының сервистік моделіне көшу мақсатында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітті, оның шеңберінде басты құндылықтар адам және оның әл-ауқаты болады.


Мемлекеттік басқарудың жаңа моделін дайындау және тиімді білікті кадрлармен қамтамасыз ету мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі реформалау үшін маңызды болып табылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл мәлімдеді. 


1 наурыздан бастап оқу орнында 2022 жылға арналған қабылдау науқаны басталды.  


«Конкурстық іріктеу кезеңдері онлайн форматта өтеді. 2022 жылға Академия 10 магистрлік және 3 докторлық бағдарлама әзірледі. Олардың төртеуі - өндірістен қол үзбей оқитын модульдік бағдарламалар. Мемлекеттік қызметшілерді даярлауға барлығы магистратураға 120 грант және докторантураға 12 грант бөлінді», - деді академия басшысы.    


Айта кетейік, халықаралық келісімдер аясында стипендиялар мен гранттар қарастырылған.