14.03.2022 _ 13:50

Ішкі нарықта көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары бар

Рубль бағасы төмендесе, Қазақстанда ресейлік өнімнің көбею қаупі бар ма? Мемлекет кәсіпкерлерді қалай қорғайды? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер спикерлерге осындай сұрақ қойды. ҚР АШМ аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаменті директорының м.а. Назгүл Хатепованың айтуынша, мемлекеттік тарапынан ішкі нарыққа көрсетілетін қолдау шаралары бар.

«Валюталардың теңгерімсіздігі мәселесі ішкі және сыртқы нарықтардағы сауда қатынастарына өте үлкен әсерін тигізеді. Біз ішкі нарықты отандық өніммен де қамтамасыз етеміз. Бірақ сыртқы елдерден арзан, дайын өнім келетін болса, ішкі нарықта көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары бар. Атап айтқанда, биыл өсімдік шаруашылығына шамамен 80 млрд теңге субсидия беру көзделген. Соның ішінде тұқым шаруашылығына 11,8, тыңайтқыштарға 26 млрд, пестицидтерге, яғни өсімдік қорғау құралдарына шамамен 30 млрд теңге көлемінде. Одан бөлек, жыл сайын қайта өңдеушілерді қолдау мақсатында субсидиялар қарастырылған. Биыл ЖАО өздерінің есебінен осы шараны ары қарай жалғастырып, отандық өндірушілерді қолдау көрсетуді көздеп отыр. Сондай-ақ, қайта өңдеу бағдарламасы шеңберінде сүт өнімдерін, соның ішінде ірімшік, май сияқты әлеуметтік маңызы бар тауарларды өңдеуге ЖАО биыл шамамен 10 млрд теңге қаражат қарастырды. Аталған мемлекеттік қолдау шаралары есебінен ішкі нарықта өндірілген тауарлар сырттан әкелінетін тауарлармен бағасы мен сапасы жағынан толыққанды бәсекеге қабілетті болады», - деді спикер өз жауабында.