15.03.2022 _ 12:40

З. Жолдасов автоматтандырылған мониторинг жүйесі туралы: біздің ірі ластаушыларымыз қатты толқуда

2021 жылдың екінші жартыжылдығында жаңа экологиялық кодекс күшіне енді. Бұл үлкен жұмыс болды. Оны іске асыру үшін 133 заңға тәуелді актілер әзірленді. ҚР ЭГТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зулфухар Жолдасов негізгі жаңалықтарға тоқталды.

 
«Бұл ең озық қолжетімді технологияларды енгізе отырып, кешенді рұқсаттарға көшу, бұл перспективада ірі компаниялардың шығарындыларын 60%-ға қысқартуға мүмкіндік береді; тұжырымдамалық жобаны әзірлегенге дейін көзделіп отырған қызметтің бастапқы кезеңінде қоршаған ортаға әсер етуге бағалау жүргізу. Сараптама кезеңдеріне жұртшылықты тарту; мемлекеттік жоспарлау құжаттарына стратегиялық экологиялық бағалау; 1-санаттағы объектілер үшін шығарындылар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін міндетті енгізу. Яғни, 1-санаттағы барлық кәсіпорындар мониторингтің автоматтандырылған жүйесін енгізуге міндетті болады және біз сіздермен онлайн режимде шығарындыларды көре аламыз. Осы мәселе бойынша біздің ірі ластаушыларымыз өте қатты толқуда. Сондай-ақ, экологиялық заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс жалғасып жатыр», - деп атап өтті спикер.  

 
Министрлік сондай-ақ экологиялық ақпаратты цифрландыру бойынша жұмыс жүргізуде, бірыңғай экологиялық портал әзірленді. Кәсіпорындардың өндірістік экологиялық мониторингінің 3 мыңнан астам есебі цифрландырылды және автоматтандырылды. Табиғат пайдаланушылардың санаттылығын анықтау тәртібі автоматтандырылды, әзірге олардың 27 мыңы тіркелген және жұртшылық үшін қолжетімді қоғамдық тыңдаулардың электрондық порталы құрылды.