25.03.2022 _ 10:15

2021 жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру көлемі 114,4 млрд кВтс құрады – Б. Ақшолаков

Мемлекет басшысы еліміздің электр энергетикасы саласын дамытудың ерекше маңыздылығын атап өтті. Бүгінде энергетика Қазақстан экономикасында негізгі рөл атқарады. 2021 жылғы энергия жүйесіндегі ағымдағы жағдай туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте энергетика министрі Болат Ақшолақов айтып берді. Оның айтуынша, электр энергиясы өткен жылдан сәл артық өндірілген.

«Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Бірыңғай электр энергетикалық жүйесі өзін-өзі теңгерімдеу режимінде жұмыс істейді. Бұл ретте, энергия жүйесі ең жоғары жүктеме сағаттарында электр қуатының тапшылығын бастан кешуде, бұл энергия өндіруші ұйымдар жабдықтарының авариялық тоқтатылуының жиілеуіне, сондай-ақ тұтынушылар тарапынан жүктеменің күрт өсуіне байланысты. 2021 жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру көлемі 114,4 млрд кВтс немесе 2020 жылға қарай 106%-ды құрады», - деді ведомство басшысы.   Спикердің мәліметінше, күзгі-қысқы кезеңде электр энергиясы мен қуатының тапшылығын болдырмау мақсатында 2021 жылғы қарашада Жамбыл МАЭС-тің 3-блогы іске қосылды, ал 2022 жылғы қаңтарда 4-энергоблок өз жұмысын бастады, бұл жиынтығында МАЭС жүктемесін 330 МВт-қа ұлғайтуға мүмкіндік берді.