28.03.2022 _ 13:30

Биыл рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы көрші Өзбекстан және Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасымен кеңесіп, Рамазан айының басталу күнін белгіледі. Шариғат үкімі мен ғылыми зерттеу жұмысының қорытындысына сәйкес, биыл рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады. Ал 2 мамыр – Ораза айт күні. Осы жылы ораза 30 күнге созылады. 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түн – қасиетті Қадір түні. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді.

«Осыған дейін Орталық Азия елдері арасында діни мерекелерді атап өтуде айырмашылық болатын. Оның өзіндік дәлелге сүйенеген ғылыми және діни себептері болды. Алайда, ауылы аралас жатқан бауырлас елдер Оразаны екі күнде бастап, Айт мерекесін екі күнде атап өткен жағдай бірнеше рет қайталанды. Бұл жағдай жамағаттың түсінбеушілігін тудырды. Біз Өзбекстан, Қырғызстан еліне жұмыс сапары барысында осы мәселені талқылап, ортақ пәтуа қабылдауға уағдаластық. Келісім негізінде екіжақты меморандум қабылданды. Бүгінде Орталық Азия елдерінің шариғат және патуа саласы бойынша арнайы кеңесі құрылып, ортақ мәселелерді өзара келісіп, кеңесіп шешім қабылдайтын болдық», - деді бас мүфти. Айта кетейік, биыл пітір садақа мөлшері 500 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның нарықтағы орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы Діни басқарманың қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды.