29.03.2022 _ 14:10

Үкіметтің жүйелі жұмысының нәтижесінде оқушылар офлайн форматтағы оқуға көшті

ІV тоқсан барлық білім беру ұйымдарында штаттық форматта басталады. Биыл 24 наурызда Премьер-Министрдің орынбасарының төрағалығымен Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануын ескере отырып, Ведомствоаралық комиссия білім беру ұйымдарында оқытудың кабинеттік жүйесіне көшуге рұқсат беру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова мәлімдеді.

«Үшінші тоқсандағы каникулдың бір аптаға ұзартылуына байланысты өткізілмеген тақырыптар міндетті түрде 4-тоқсанда өткізілетін болады.  Жалпы, барлық орта білім беру ұйымдарында 4-тоқсан ұйымдасқан түрде басталады. Оқу тоқсанының ұзақтығы – 8 апта. Оқу жылы дәстүрлі түрде ағымдағы жылдың 25 мамырында аяқталады. Мектеп басшылары білім беру ұйымдарында қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақтауын қамтамасыз етеді», - деді БҒМ өкілі.