30.03.2022 _ 10:20

Ұлттық жоба аясында 700 мың адам жұмыспен қамту шараларына тартылады

2021 жылғы қазанда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жобалық басқару жүйесін енгізе отырып, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жаңа Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға қайта форматталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов хабарлады. Жоба бойынша өңірлерде жаңа жұмыс орындары құрылып, жыл сайын 700 мың адамды жұмысқа жәрдемдесу шараларымен тарту көзделген.


«Оның ішінде, 36 мың адам кәсіптік оқытумен қамтылады, 50 мың адамға кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу бойынша шаралар көрсетіледі, 97,6 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылады. 2022 жылдың 2 айының қорытындысы бойынша 115,6 мың адам осы шараларға тартылды, оның ішінде: 31,6 мың адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды; 36,4 мың адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді, бұл мемлекет тарапынан қаржыландырылатын жұмыс; 8 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа тартылды; 3,3 мың адам жастар практикасына жіберілді; 326 адам «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары аясында жұмысқа орналастырылды», - деді спикер.