30.03.2022 _ 10:30

Жастар Жұмыспен қамту орталығына бармаса... «Ерте анықтау жүйесі» қалай жұмыс істейді?

Бүгінгі күні еңбек нарығында арнайы тәсілдерді талап ететін бірнеше топты атап өтуге болады -жұмыссыз жастар, көпбалалы және табысы аз отбасылар, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар. Бұл әр мұқтаж топ үшін арнайы тәсілдер қабылдау қажет. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді. «Ерте анықтау жүйесін» енгізу жоспарлануда.

«Көбіне жастар жұмыспен қамту орталығына бармайды, қызмет алуға бармайды, оқыту мәселелері бойынша жүгінбейді. Сондықтан біз көмекке мұқтаж, жұмысқа орналаспаған, оқымайтын адамдарды әлеуметтік портрет бойынша анықтауға мүмкіндік беретін «Ерте анықтау жүйесін» енгіземіз. Проактивті форматты қолданамыз. Жұмыспен қамту орталықтары өтініш беру сипатындағы қызметтерді көрсетуге (оларға келген, тіркелген кезде) бағдарланған болатын, биылдан бастап мұндай тұлғаларды өзіміз анықтаймыз, оларды смс-хабарламалар, хабарламалар арқылы хабардар етеміз, онлайн режимде қызмет көрсетеміз, оқытамыз, қысқа мерзімді курстар өткіземіз немесе қоғамдық жұмыстарға тартамыз. Бізге келмеген адамдарға түсіндіруіміз керек. Бұл министрліктің негізгі міндеттерінің бірі», - деп атап өтті спикер.  


Сондай–ақ, жастарды жұмысқа тарту және ынталандыру үшін - еңбек заңнамасына «жас қызметкер» ұғымын енгізу, олар үшін сынақ мерзімін алып тастау, басқа өңірлерден келген жастар үшін тұрғын үй жалдауға көтерме жәрдемақы енгізу жоспарланған. 


Көп балалы және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін барлық өңірлерде қолданыстағы үлгідегі әйелдерді қолдау орталықтарын құру көзделген. Бұл орталықтарда жыл сайын 20 мыңға жуық әйелге кешенді қолдау көрсетілетін болады.