04.04.2022 _ 16:10

Қаралы қаңтар: бұрын күзетпен ұсталған 245 адам қамаудан босатылды

Қазіргі уақытта ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісінде 2 961 қылмыстық іс бар, олар бойынша төтенше жағдай кезеңінде ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 176 күдікті күзетпен ұсталуда. Бұл туралы Орталық коммункиациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов хабарлады.

Бұл ретте бұрын күзетпен ұсталған 245 адам жасалған қылмыстың ауырлығын және жеке басының мінездемесін ескере отырып, қамаудан босатылды.  Бұл бұрын сотталмаған және өз еркімен келтірген залалдың орнын толтырған азаматтар.

 
«Оларға қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат беру (68), кепіл (77), үйқамақ (94) және жеке кепілгерлік (11) қолданылды. Жалпы, күдікті адамдардың көпшілігіне қатысты күзетпен ұстау түрінде бұлтартпау шарасы таңдалған жоқ», - деп атап өтті полковник.