06.04.2022 _ 14:10

Биыл жалпы егіс алаңы 23,1 млн га құрайды - АШМ

Әкімдіктердің деректеріне сәйкес 2022 жылға арналған егіс алқаптарының болжамдық құрылымы қалыптастырылды. Жалпы егіс алаңы 23,1 млн.гектарды құрайды. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев 2022 жылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге дайындық барысымен, сондай-ақ, ағымдағы жылы мемлекеттік қолдау шаралары бойынша қандай саясат жүргізілетіні туралы айтып берді.


«Жем-шөп дақылдарының алқабы айтарлықтай ұлғайтылды, ол ағымдағы жылы 3,6 млн.га құрайды. Ол мал азығын мол өндіруге және мұқтаж өңірлердің қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, картоп, күнбағыс, көкөніс, яғни әлеуметтік дақылдар алқабы ұлғайтылды. Агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдаудың жаңа тәсілдерімен, оның ішінде цифрлық технологияларды пайдалана отырып, ауыспалы егісті сақтауға қатаң тәсілдеме көзделген. Мысалы, майлы дақылдар жоғары рентабельді және дәнді дақылдарға қарағанда сұранысқа ие. Бұған баса назар аудару керек», - деді министр. 


Оның айтуынша, жұмыстарды жүргізуге дайындық кезінде ауа райы құбылыстары ескерілетін болады. Осылайша, республикадағы егіншіліктің маңызды міндеттерінің бірі топырақта ылғал жинау және оны ұтымды пайдалану жөніндегі іс-шараларды жүргізу болып табылады. Өңірлер осындай жұмыс жүргізуде, шамамен 3,1 млн га алаңда қар тоқтату екі ізбен жүргізілді, бұл 2021 жылдың тиісті кезеңінің деңгейінен 2,5 есе артық. Қазіргі уақытта ылғалды жабу жұмыстары жүргізілуде. Топырақта ылғалдың жеткілікті жинақталуы ғана жақсы өнім бере алады.