06.04.2022 _ 14:50

Биыл көктемгі дала жұмыстарына 220 млрд теңге бөлінеді

Көктемгі дала жұмыстарын сәтті өткізудің негізгі мәселесі фермерлерді несие қаражаттарымен қамтамасыз ету болып табылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді.


Ағымдағы жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ желісі бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына кредит беруге 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредит бөлінді. Бюджеттік кредиттеудің жалпы сомасын 140 млрд теңгеге дейін жеткізу мәселесі пысықталуда. 


«Бұл ретте қосымша 70 млрд теңге бойынша кредиттеу нормативі ұлғайтылады, бұл туралы фермерлердің өздері сұрады. Осы екінші 70 млрд теңге келгенде, норматив 23 мың теңгеден 54 мың теңгеге деңгеге дейін көтерілетін болады. Форвардтық сатып алу шеңберінде «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ 83,1 млрд теңгеден астам сомаға 466 өтінім түсті. 67,1 млрд теңге сомасына 292 ауыл шаруашылғы тауар өндірушілер қаржыландырылды. Негізі форвардтық сатып алуды қаржыландыру көлемі былтырғы 40 млрд теңгеден биыл 80 млрд теңгеге дейін көтерілді. Яғни көктемгі дала жұмыстарына былтыр 110 млрд теңге бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 220 млрд теңгені құрайды», - деді министр.  


Сондай-ақ, жұмсақ бидай, қатты бидай, арпа, сұлы, күнбағыс, зығыр, рапс, соя, қарақұмық және жүгері сияқты он атауға дейін сатып алынатын дақылдардың тізбесі кеңейтілді.