11.04.2022 _ 12:10

АШМ: әлемдік нарықта бидай немесе ұн бағасының өсуі ішкі нарыққа тікелей әсер етеді деген пікір қате

Астық өндірушілер одағының вице-президенті жақында ұнның бағасының едәуір өсуі мүмкін деп мәлімдеді. Баға қаншаға қымбаттайды? Бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында журналистер спикерлерге осындай сұрақ қойды. ҚР АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова ішкі нарықта ұнның өндірісі үздіксіз жүргізілетінін және күн сайын қажетті ұн көлемімен толықтырылып отыратынын атап өтті.

«БАҚ-та ұнның немесе нанның бағасының көтерілетіні туралы көп ақпарат таралуда. Ішкі нарықта бидайға немесе ұнға деген тапшылық жоқ. Әрине, әлемдік нарықта Ресей тарапынан салынған шектеуге байланысты бидай мен ұнға деген сұраныс артқаны белгілі. Сол себепті әлемдік нарықта бидай бағасы бірнеше есе өсті. Ішкі нарықты тұрақтандыру мақсатында тұрақтандыру қорларында қажетті көлемде кез келген өңірдің физиологиялық тұтыну нормаларына сәйкес халықты қажетті көлемде қамтамасыз ету үшін кепілді түрде тұрақтандыру қорларында қажетті көлемдегі ұн сатып алынады. Қазіргі кезде жалпы Қазақстан бойынша 120 мың тоннаға жуық ұн бар. Соның 30 мыңға жуығы тұрақтандыру қорларында. Тұрақтандыру қорларының негізгі міндеттерінің бірі - бағаны тұрақтандыру. Яғни, нарықта, Қазақстаның ішкі нарығы болсын, әлемдік нарық болсын, бидайға немесе ұнға бағаның жоғарылау фактілері орын алған кезде аталған тұрақтандыру қорларында сақтаулы ұн ішкі нарықта арзандатылған бағамен сатылады. Одан бөлек Азық-түлік келісімшарт корпорациясының резервінде 800 мың тоннаға жуық астық сақталған. Оның 500 мың тоннасы резервтік қор. Аталған қордың да негізгі мақсаты - ішкі нарықты тұрақтандыру немесе қандай да бір тапшылық туындаған кезде кепілді түрде ішкі нарықты бидаймен қамтамасыз ету. Сондықтан бидай немесе ұн бағасының әлемдік нарықта өсуі ішкі нарықта тікелей ұнның немесе нанның бағасының көтерілуіне әсер етеді деген пікір қате. Елімізде ішкі нарықта мемлекет тарапынан қолданылып отырған бағаны тұрақтандыруға арналған арнайы бағдарламалар бар. Соның аясында әлеуметтік нанға және ұнға деген баға әрдайым тұрақты болады. Ішкі нарықта бидай қоры жеткілікті. Ішкі нарықта ұнның өндірісі үздіксіз жүргізіледі және күн сайын қажетті ұн көлемімен толықтырылып отырады», - деп жауап берді департамент директоры.