11.04.2022 _ 12:40

Азық-түлік келісімшарт корпорациясы наурыз-сәуір айларына өтініштер қабылдауда

ҚР АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистердің өтініші бойынша «әлеуметтік бидай», «әлеуметтік ұн» терминдерін түсіндіріп өтті. Бұл негізінен ішкі нарықты бағаны тұрақтандыру мақсатында арзандатылған көлемде ішкі нарыққа сатылатын бидай көлемі.


«Яғни, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы өз резервінде қолданыста бар бидай көлемін облыс әкімдіктерінің сұранысы бойынша, халық санына, физиологиялық тұтыну нормасына байланысты, сол өңірдегі барлық адамдарды кепілді түрде ұнмен қамтамасыз ету үшін қажетті бидайға шаққандағы көлемін ұсынады. Компания нарықта қалыптасқан жағдайға, бағаға қарамастан бидайды арзан бағамен сатады. Яғни орта есеппен бидай бағасы 150 мың болса, Азық-түлік корпорациясы сататын бидайдың құны 90 мың теңге болады. Әкімдіктерден тамыз айының соңына дейін 275 мың тоннаны сату туралы өтініш келіп түсті. Әр айға бөлінген кесте бойынша осы облыстарға сату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қаңтар-ақпан айларына деген көлемнің өзі қазіргі таңда әлі сатылып алынбаған. Демек, сұраныс ішкі нарықта аз болды. Қазіргі кезде Азық-түлік келісімшарт корпорациясына наурыз-сәуір айларына өтініштер келіп түсуде. Барлық көлемдер белгіленген кесте бойынша бекітілген бағамен ішкі нарыққа сатылады. Осы арзандатылған бағамен сатылатын бидай әлеуметтік бидай немесе әлеуметтік нан өндіруге арналған бидай деп аталады», - деді Хатепова.