13.04.2022 _ 10:38

«Гарант 24 ломбард» қаржы пирамидасына қатысты іс сотқа жолданды - ІІМ

«Гарант 24 ломбард» қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық істі ІІМ Тергеу департаменті 2021 жылдың маусым айында аяқтап, сотқа жолдады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Тергеу департаменті бастығының орынбасары Мұхтар Қожаев хабарлады. Жалпы осы қылмыстық іс бойынша 53 күдікті анықталды, оның 48 сотқа берілді, бесеуі іздестіруге жарияланды.

«Гарант 24 ломбард» қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық іс бойынша 17 мыңнан астам адам жәбірленуші болып танылды. Келтірілген залал мөлшері 30 млрд теңгеден астамды құрады. Оны өндіру мақсатында тергеу барысында күдіктілердің қылмыстық жолмен табылған мүліктері анықталды. Олардың жалпы құны 2 млрд теңгеден астам сомаға бағаланды. Қазіргі кезде сот процесі Ақтөбе қаласында жалғасуда. Сотпен осы іс бойынша жәбірленуші ретінде танылған азаматтардан және куәлерден жауап алынуда. Олардың нәтижесімен күдіктілерден жауап алынады және белгіленген тәртіпте сот өзінің шешімін қабылдайды», - деді спикер. 


Тергеу департаменті бастығының орынбасарының айтуынша, жәбірленушілерге келтірілген шығынды өндіру мәселесі сот тәртібімен шешіледі.