13.04.2022 _ 11:40

Әлемдік үрдістер: Қазақстанда азық-түлік бағасының өсуінің сыртқы факторы

ФАО мәліметтері бойынша наурыз айында әлемдік бағалар келесі тарихи максимумға жетті. Жылдық мәнде бағалар 30% өсті. Ағымдағы жылдың наурыз айында ғана бағаның өсуі 12,6% құрады. Мысалы, өсімдік майларының бағасы 56,1%, дәнді дақылдар 37,3%, сүт өнімдері 23,6% және қант 22,6% өсті. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР СИМ Сауда комитеті төрағасының орынбасары Айдар Әбілдабеков осындай мәліметтерді келтіріп өтті. Ол әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тежеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы және бағаның өсу себептері жөнінде баяндады.

Азық-түлік инфляциясының өсуі көрші елдерде де байқалады. Мысалы, Ресейде азық-түлік инфляциясы жылдық мәнде наурыз айының қорытындысы бойынша 18%, ал Өзбекстанда жылдық мәнде 14,5% құрады. Сонымен қатар, азық-түлік бағасының өсуі Еуропа елдерінде де байқалады. Францияда инфляция жылдық мәнде 5,1% рекордтық көрсеткішке жетті.  

«Бағаның өсуінің әлемдік үрдістері - Қазақстанда азық-түлік бағасының өсуінің сыртқы факторы. 2022 жылы бағаның өсуінің әлемдік тенденциясы негізінен өткен жылдың себептері мен Украинадағы әскери оқиғаларға байланысты болды. РФ қатысты санкцияларға және оған қатысты Ресейдің жауап шараларына байланысты бүкіл әлемде азық-түлік жеткізудің белгіленген тізбегі бұзылды. Жанжал әлемде бытыраңқы азық-түлік дағдарысын тудырды. Жалпы, саясаткерлер мен жетекші экономистердің айтуынша, әлемдік нарықтағы бағаның өсуі сөзсіз болды», - деді спикер.