13.04.2022 _ 12:10

Ішкі нарықта ешқандай азық-түлік тауарына тапшылық жоқ - АШМ

Азық-түлік тауарларына деген нарықтық баға мәселесі өзекті мәселелердің бірі. Қазіргі кезде ішкі нарықта ешқандай азық-түлік тауарына тапшылық жоқ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова хабарлады.
иллюстративное фото с сайта elorda.info

Оның айтуынша, азық-түлік тауарларын тұрақтандыру жұмыстары негізінен екі механизм бойынша жүзеге асырылады - тұрақтандыру қорларына тікелей әлеуметтік маңызы бар тауарларды сатып алу және жеңілдетілген несие беру арқылы сауда орталықтарын қаржыландыру арқылы. 


«Бірінші механизм бойынша министрлік тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Жалпы республика бойынша облыс әкімдіктерінің қорынан тұрақтандыру қорларының жұмысына бөлінген қаржы көлемі 76 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ, 16,2 млрд теңгені қосымша үлестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы есептегенде, алдағы уақытта осы бағытта 92 млрд теңге бөлу көзделген. Бүгінде республика бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қорлары 635 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде тұрақтандыру қорларында 130 мың тонна әлеуметтік маңызы бар тауар бар, ішкі нарықта қандай да болмасын тауарға бағаның күрт өсуі немесе жекелеген обылстарда сол тауарлар көлемінің азаю факторлары болған кезде тұрақтандыру қорларынан тауарлық интервенция жүзеге асыру арқылы осы аталған көлемдер ішкі нарыққа таратылатын болады», - деді спикер.