14.04.2022 _ 11:55

«Жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру» бағыты бойынша 2 іс-шара іске асырылады

Өңірлердің дербестігін кеңейту мақсатында «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» жеке Заң әзірленуде. Бұл жұмысқа өңірлердің өздері де, азаматтық қоғам өкілдері де тартылған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді.

«Басты міндет жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілеттіктерін кеңейту, процестерді бюрократиясыздандыру және олардың қаржылық дербестігін нығайту болып табылады, яғни негізгі тәсілдер жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары жұмысының тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Мысалы, ауылдардың қаржылық мүмкіндіктерін кеңейту үшін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен қатар жергілікті өзін-өзі басқару бюджеттерін тікелей қаржыландыру тетігі енгізілетін болады. Бұдан басқа, жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыру бөлігінде мәслихаттардың өкілеттіктері кеңейтілетін болады», - деді спикер. 


Бүгінгі таңда аталған нормаларды іске асыру тетігі мен одан әрі регламенттеу мәселесі уәкілетті мемлекеттік органдармен пысықталуда. Заң жобасы биыл Парламент депутаттарының қарауына ұсынылады.