18.04.2022 _ 10:20

Президент соңғы Жолдауында Президентке жақын адамдарды кадрлық іріктеу мәселесін бөлек атап өтті

Мемлекет басшысы ҚР Конституциясына сәйкес Президент адамның және азаматтың құқықтары мен бостандығының кепілі болып табылатынын ескере отырып, Мемлекет басшысының жақын туыстарының мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарына басшы лауазымдарына орналасуына Конституциялық деңгейден тыйым салу жөнінде ұсыныс жариялады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Екінші республика. ҚР Президентінің өкілеттілігі қалай өзгереді» атты брифинг барысында Әділет министрі Қанат Мусин хабарлады.

Оның айтуынша, заңнамада жақын туыстарға ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, атасы, әжесі, немерелері жатады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама да жекжаттар, яғни ерлі-зайыптылардың жақын туыстары үшін шектеулер белгілейді. 


Өз кезегінде, Президент жарлығымен саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімі айқындалып, оларға министрлер, олардың орынбасарлары, әкімдер, мемлекеттік органдардың басшылары мен т.б. жатқызылған. Бұл квазимемлекеттік секторда мемлекет қатысушы болып табылатын ұйымдар да жатады.

«Осылайша, заңнамалық деңгейде тиісті тыйымдар белгіленгеннен кейін, мысалы, Президенттің ағасы, әпкесі, балалары «Самұрық-Қазына» немесе «Бәйтерек» сияқты ұлттық компанияларда басшылық қызметке орналаса алмайды», - деді министр мысалдар келтіре отырып.