21.04.2022 _ 13:35

Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, оның ішінде отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы мәселелер әрқашан ІІО мен мемлекеттің жіті назарында болады.

Қазіргі заманғы қоғамның талаптары тұрғысынан Қазақстанда «ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және «тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» арнайы гендерлік бағдарланған Заңдар қабылданып, іске асырылуда. 2016 жылғы 6 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы қолданысқа енгізілді, оны әзірлеу кезінде халықаралық және ұлттық дамудың басымдықтары ескерілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк мәлімдеді.

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының бірқатар халықаралық конвенцияларға қосылуы және оны ратификациялауы қазақстандық әйелдер мен балалардың жағдайын жақсарту үшін маңызды қадам болып табылады. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудың жалпы жүйесінің құқықтық негізі жасалды. 

«Оның негізгі элементтері «тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» арнайы салалық заңның қабылдануымен 2009 жылы қаланған. Алғаш рет үй тирандарымен полиция жұмысының нысандары мен әдістері енгізілді, учаскелік полиция инспекторларының отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол беретін адамдарға қатысты міндеттер мен шектеулерді белгілеу жөніндегі өкілеттіктері кеңейтілді. Оларға әлеуетті құқық бұзушыларға 1 айға дейінгі мерзімге құрбандармен байланысуға тыйым салынатын қорғау нұсқамалары жатады. Тыйымдарды бұзғаны үшін құқық бұзушы 5 тәулікке дейін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сот тәртібімен оларға тыйым салулар мен шектеулердің кеңейтілген тізбесі бар мінез-құлыққа ерекше талаптар белгіленуі мүмкін. Атап айтқанда, бұл қаруды сақтауға, тіпті үйде алкоголь ішуге тыйым салу, ал ерекше жағдайларда сот басқа үйі болса, «жанжалқойды» пәтерден 10 күнге шығаруға құқылы. Мұндай тыйымдардың қолданылу мерзімі 3 айдан 1 жылға дейін белгіленеді. Жыл сайын 80 мыңға жуық қорғау нұсқамасы шығарылады, соттар құқық бұзушылардың мінез-құлқына 10 мыңға жуық ерекше талаптар белгілейді», - деп хабарлады спикер. 

Белгіленген тыйымдар мен шектеулерді бұзғаны үшін 6 мыңға жуық адам жауапқа тартылады. 
Бұл адамдар шектеулер қолданылатын кезеңде тұрғылықты жері бойынша тұрақты барып профилактикалық әңгімелесу және олардың мінез-құлқын бақылау үшін полиция есебіне қойылады.