27.04.2022 _ 09:50

Фестиваль барысында шетелдік және отандық киномектептер өзара тәжірибе алмасады - Кинотанушы

Бүгін III Халықаралық «Томирис» студенттік кинофестивалінің екінші күні өтеді. Шараға 53 фильм қатысып жатыр, оның жетеуі шетелдік. Бұл фестивальдің басқаларынан айырмашлығы – кино мектептері, кино мамандарын дайындайтын ЖОО-лар киноны өздері іріктеп, екі конкурсқа жібереді. Қазылар алқасының екі тобы киноны қарап, өз бағасын береді Бұл туралы Орталық коммуникация қызметі алаңында кинотанушы, өнертану кандидаты Нәзира Мұқышева мәлімдеді.

«Фестивальді ұйымдастырушы - Қазақ ұлттық өнер университетінің ұжымы. Фестивальдің тарихы бүгін басталған жоқ. 2018-2019 жылдары «Ұшқын» деген фестиваль өткен болатын. Биыл оның атауы, бағыты өзгерді. Ұшқыннан жалын лаулап, кешегі жас фестиваль аяғына нық тұрды деуге болады. Фестиваль екі конкурстан тұрады. Мұндай тәжірибе әлемде қолданылып келеді. Басқа елдерде көптеген фестивальдерде осындай тәжірибе бар. Біздің айырмашылығымыз – фильмдерді әр кино мектебі өздері іріктеп жібереді. Біріншіден, бұл балалардың өздеріне жақсы. Олар өзара байқауға түспейді, шетелдік кино мектептерінің де жұмысын көріп, үйренеді. Яғни, шетелдік және отандық киномектептер арасында өзара тәжірибе алмасу жүреді. Меніңше, студент жастар үшін бұл өте маңызды», - деді кинотанушы.