27.04.2022 _ 12:40

Мобильді қосымша арқылы оңайлатылған тәртіппен жеке кәсіпкер қызметін тоқтатуға өтініш беруге болады

Бұрын мемлекеттік кірістер органдарының бөлімшесіне тікелей жүгіну немесе салық төлеушінің кабинеті арқылы өтініш жолдау қажет болатын. Өкінішке орай, көп жағдайда рәсімді аяқтау үшін МКБ-ға жүгінуге тура келді, бұл ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне және әуре-сарсаңға әкеп соқтырған еді. Қазір «Қызметтер» - «Қызметті тоқтату» модуліне кіру жеткілікті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Азамат Панбаев хабарлады.


Бұл ретте рәсімді ҚҚС төлеуші болып табылмайтын жеке кәсіпкерлер пайдалана алады. 


«Қазір кәсіпкер қосымшада ликвидациялық есептілік тапсырылғанын, кассалық аппарат есептен шығарылғанын көрсетуі тиіс. Бұл процесті де толық автоматтандыруды қамтамасыз ету үшін жетілдіріп жатырмыз. Мысалы, жекелеген кәсіпкердің қызметін автоматты түрде тоқтату мүмкіндігі көзделеді. Егер кәсіпкер қатарынан 60 күн ішінде мобильдік қосымшада кірістерді, оның ішінде әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін қажетті кірістерді көрсетпейтін болса, онда ЖК қызметін автоматты түрде тоқтату іске қосылады. Кәсіпкер қол қойған осындай рәсімді өткізуге келісім де негізгі шарт болып табылады», - деді спикер.