27.04.2022 _ 12:45

«Е-Salyq Business» мобильді қосымшасында хабарламалар мен анықтамаларды алу қызметтері ұсынылады

Аталған функционал іске асырылғанға дейін декларацияланған кірістердің мөлшерін растау үшін салық төлеушілер тікелей мемлекеттік кіріс органына өтініш берген. Декларациялар куәландырып, хаттар берілген болатын. Жұмыскерлердің табысы бойынша анықтаманы кәсіпкерлердің өздері берген. Қазір анықтама беру модуліне кіріп, қажетті анықтаманың түрін таңдап, кезеңін көрсетіп, алуға болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Азамат Панбаев хабарлады.


Сондай-ақ, қосымшада жеке кәсіпкердің тіркеу деректерін өзгерту функционалы қосымша пысықталуда.  


«Жеке кәсіпкердің орналасқан жері бойынша мекен жайды, қызмет түрлері мен басқаларды өзгерту. Бұл басқа ақпараттық жүйелермен интеграцияға әсер ететін процедура. Ол бойынша жұмыстар сәтті аяқталғаннан кейін оны қосымшада жариялаймыз. Осылайша, «E-Salyq-Business» мобильді қосымшасының көмегімен кәсіпкерлер салық органдарына бармай-ақ, барынша мүмкін болатын қызметтер спектрін қашықтан алатындай етіп жасауға тырысудамыз. Тұтастай алғанда, кәсіпкерлер аталған өнімге қызығушылық танытып отыр. Мобильді қосымшаның қолдау қызметіне келіп түскен барлық ұсыныстар мен ескертулер талқыланып, ең қызықты және қажеттісі жұмыс жоспарына енгізіледі», - деді Панбаев. 
Сондай-ақ, биыл жыл соңына дейін «E-Salyq Business»  қосымшасын алдағы уақытта фермерлер мен шаруа  қожалықтары да пайдаланатындай етіп, функционалын кеңейту жоспарланып отыр. 


Функционалдың жұмысын жетілдіру бойынша жұмыс үнемі жасалуда.