28.04.2022 _ 10:05

ОКҚ брифингі: Үкімет Президенттің тапсырмасы бойынша әзірленген халықтың табысын арттыру бағдарламасын ұсынады

ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген Халықтың табысын арттыру бағдарламасы туралы баяндады. Бағдарлама ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілді. Құжатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Жаңа Қазақстанды құру идеясына сәйкес азаматтардың әл-ауқатын арттыру, табыс тапшылығын жою, жұмыс орындарын құру міндеттерін шешу жолдары қамтылған.

«Бұл, ең алдымен, халықтық бағдарлама. Сондықтан, халыққа қатысты бағдарламаны қоғамға танымал, елдің ішінде өзіндік орны бар азаматтар нақты жобаларға жетекшілік етеді. Олар бағдарлама жобасын әзірлеу кезеңінен бастап атсалысты. Егер қоғамда осы бағытты тілек білдірушілер болса, ұсыныстарды қарауға дайынбыз. Осындай бастамалардың бірі баршаңызға белгілі азамат – Дәулет Мұқаев тарапынан ұсынылды - еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аударатын азаматтарды қолдауға бағытталған жобасы», - деді спикер.  


Оның айтуынша, Эльдар Жұмағазиев - қоғам қайраткері, ауыл адамдарының табысын арттыруға жол ашатын «Ауыл табыс көзі» жобасына жетекшілік етеді; Саясат Нұрбек - Парламент Мәжілісінің депутаты, жастарды экономикаға қажетті кәсіптерге баулуға бағытталған «Мамандығым – болашағым» жобасына жауап береді. Алмас Жали – «Креативті индустрия» бағытына жетекшілік ететін болады. Эмин Әскеров – әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша жұмыстарды жүргізеді. Ырза Тұрсынзада - қоғам қайраткері, көпбалалы аналарды жұмысқа тарту бағыты бойынша «Бақытты отбасы» жобасын Нұр-Сұлтан қаласында іске асыруда. Рахым Ошақбаев - қоғам қайраткері, бағдарламаны ақпараттық сүйемелдеу жұмыстарына жетекшілік етеді.