28.04.2022 _ 10:50

Премьер-Министрдің орынбасары: халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрақты табыс алу мүмкіндіктерін кеңейту жоспарланған

Халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрақты табысын қалыптастыру бағытына кешенді жұмыстар жүргізіледі. 160 мың жастар «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» жобаларымен, 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде гранттармен қамтылатын болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді.

Оның айтуынша, «Бақытты отбасы» жобасы аясында 20 мың көп балалы ана мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналар біліктілігін арттырып, үйден шықпай-ақ табыс табуға мүмкіндік жасалады.  


«Жоба аясында әйелдер еңбек нарығында сұранысқа ие 14 мамандық бойынша қысқа курстан өтіп, өз ісін ашу бойынша тегін консультациялар алады. Былтыр осындай жоба Нұр-Сұлтан қаласында іске асырылды. Жоба арқылы 1700 әйел оқудан өтіп, 800-ден аса қатысушы кәсібін ашты. Мысалы, Жамбыл облысында туа біткен екі қолы жоқ, аяғымен іс тігуді үйренген қыз бар. Оған рахметімді айтамын. Сонымен қатар жобадағы ең үлкен бағыттардың бірі – жастар. Оларға қатысты бірақ нақты жобалар бар. Колледждер жанынан студенттерге тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беретін 100 шағын кәсіпорын құрылады. Алғаш рет Жоғары оқу орындарында студенттердің мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына жәрдемдесетін 103 Карьералық орталық ашылады. Бұдан бөлек, 7 мыңнан астам мектепте 7-сыныптан бастап мамандық таңдауға баулитын «педагог-кәсіптік бағдар беруші» маманы енгізіледі», - деді Тоғжанов.