28.04.2022 _ 11:26

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл екеніне ешкімнің күмәні жоқ – Е.Тоғжанов

Мәжіліс депутаттары «Мемлекеттік тіл туралы» заң қажет деп мәлімдеді. Осы орайда тіл жанашыры ретінде не айта аласыз? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановқа осындай сұрақ қойды. Спикер бұл мәселенің ел үшін маңызды екендігін атап өтті.

 
 
«Қазақ тілінің мемлекеттік тіл екеніне ешкімнің күмәні жоқ. Бүгін өзіміздің ана тілімізде сөйлеуге ешкім ешқандай кедергі жасап отырған жоқ. Үкімет отырыстарының барлығы қазақ тілінде өтеді. Сондықтан оны одан әрі дамыту әрбір қазақтың қолындағы, бойындағы парыз деуге болады. Қазір Қазақстан халқының 70 пайызына жуығы мемлекеттік тілде сөйлейді. Дегенмен, оны ары қарай дамытуымыз керек. Әсіресе, мектептер, колледждер, ЖОО-лар деңгейінде. Мектептердің өзінде сабақтардың 70% жуығы қазақ тілінде өтеді. Бұл үлкен жобалардың бірі. Қазіргі кезде ол Мәдениет және спорт министрлігінен білім саласына берілді. Демек, тілдің нақты әдістемесін жетілдіре отырып, әр қазақ баласына, санасына енгізіп, Қазақстанда тұратын бүкіл ұлттардың болашақта мемлекеттік тілде сөйлеуіне мүмкіндік жасалды. Бірақ оны жүзеге асыру бәріміздің мойнымызда», - деді Тоғжанов.