28.04.2022 _ 16:40

Мүдделер қақтығысы. 2022 жылдың басынан бастап жұмысты бірнеше сағатқа тоқтатумен 34 наразылық шарасы өткізілді

Құрылған Ахуалдық орталық шеңберінде күн сайын нақты режимде елдің проблемалық кәсіпорындарындағы жағдай қадағаланады. Жедел ақпарат барлық мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға, әлеуметтік серіктестерге және БАҚ-қа беріледі. Бұл туралы ҚР ЕХӘҚМ Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші- қон комитеті төрағасының орынбасары-ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.

«Ахуалдық орталықтың мониторингіне наразылық шаралары болуы мүмкін 500 проблемалық кәсіпорын енгізілді. Қабылданған шаралардың арқасында 448 кәсіпорындағы жағдай шешілді және олар мониторингтен алынды. Бүгінгі күні қаупті жағдай 52 кәсіпорында әлі де сақталып отыр және олар бойынша жергілікті атқарушы органдар шаралар қабылдауда. Айта кетейік, осы 448 кәсіпорында жыл басынан бері 34 наразылық акциясы өткізіліп, жұмыс 3 және одан да көп сағатқа тоқтатылды. Бұл үшін еңбек кодексі бойынша әкімшілік және тәртіптік жауапкершілік қарастырылған. 34 наразылық акциясының 33-і Маңғыстау облысы аумағында, 1-уі Атырау облысында болды. 27 жағдайда жұмысшылардың талаптары ымыралы шешім тапты, кәсіпорындар жұмыс істеп жатыр. 6 кәсіпорында шаралар жалғасуда. Әкімдіктер Үкімет қаулысымен бекітілген алгоритм аясында іс-шаралар қабылдауда», - деп атап өтті спикер.